Құралай ОМАР, ақын: Киім тіккенде тамақ ішуге де уақытымды қимаймын
Құралай ОМАР, ақын: Киім тіккенде тамақ ішуге де уақытымды қимаймын

Әдемі әуестік
Ол – сыршыл ақын. Бірнеше əдеби байқаудың жүлдегері. Бүгінде «Қазақстан» ұлттық арнасының анонс бөлімінің шеф-редакторы қызметін атқарады. Оның шығармашылығы тек жазу ісімен шектелмейді. Қалам ұстаған қолы ине ұстауға да икемді. Өзіне əп-əдемі етіп түрлі-түрлі көйлек тігіп алады. Арасында кішкентай жиендерін де əдемі көйлек тігіп беріп қуанта біледі. Сыртынан шеберлігіне риза боламыз. Содан ақын əпкелеріңмен тігіншілік өнері туралы əңгімелестік…
Ұлан: Құралай, қай жастан бері көйлек тіге бастадыңыз?
Қ.Омар: Киім тігуді бала кезімнен бері жақсы көремін. Кішкентай кезімде қағаздан жасалған қуыршақтарым көп болды. Ақ парақ тауып алсам, соларға киім жасайтынмын. Қуыршақтарға киім тігетінмін. Бұл мүмкін əжемнен көргенім шығар. Əжем көйлек тігетін, көрпе тігетін, тоқыма тоқитын. Тоқсаныншы жылдардың басында Мексиканың, Бразилияның телесериалдары көрсетіле бастады. Сол кезде тігінші қыз туралы «Просто Мария» деген сериал болды. Мен Марияға қызықтым, сол сияқты болғым келді. Қазір сол 10 жасар Құралайдың армандарын орындап жүрмін.

Ұлан: Шеберлік сабақтары мен арнайы курстарға қатыстыңыз ба?
Қ.Омар: 2011 жылы Берік Исмаиловтан сабақ алдым. Қазір Марина Растегаева деген шеберден дəріс алып жатырмын.
Ұлан: Көбіне қыздарға арналған киімдерді тіккеніңізді көреміз. Басқа дүниелерді де тігесіз бе? Мысалы, көрпе деген секілді…
Қ.Омар: Киімді көбіне өзіме ғана тігемін. Тігу үшін уақыт керек. Жұмыстан қол босай бермейді. Кейде жақын адамдарыма тігемін. Ал көрпе сияқты нəрселер тігіп көрген емеспін. Егер қажеттілік болса, оны да тігетін шығармын.
Ұлан: Ең алғашқы тігін машинаңыз қандай еді, қазір қандайын қолай көресіз? Тігін машиналарының қайсысы қандай іс тіккенге ыңғайлы? Оны қалай таңдау керек?
Қ.Омар: Ең алғаш 2011 жылы «Brother» деген машина сатып алдым. Ол жеңіл-желпі нəрселер тіккенге ыңғайлы. Жүрісі де жайлы. Бірақ, өте ерке. Бір нəрсе жақпай қалса, жүрмей қояды. Сосын джинсы сияқты қалың маталарға оның күші жете бермейді. Былтыр «Janome» деген тігін машинасын сатып алдым. Өте жақсы машина. Ыңғайлы. Нағыз жұмыскер.

Ұлан: Тігіншілік ісіне қанша уақытыңызды арнайсыз?
Қ.Омар: Күнделікті тігем деп айта алмаймын. Бірақ бір нəрсені бастасам, аяқтағанша асығам. Кейде бір жексенбімді арнаймын. Киім тіккен кезде өзімді шеберханасына қамалып алып сурет салатын суретшіге ұқсатам. Тіпті, тамақ ішуге уақытымды қимаймын. Ол кезде айран ішіп қана жүре беремін.
Ұлан: Қолыңыздан шыққан дүниелерге қызығып, тапсырыс беретіндер бар шығар?
Қ.Омар: Тапсырыс беретіндер бар. Бірақ, мен əлі тапсырыспен тігуден қорқамын. Ол үлкен жауапкершілікті талап етеді. Алдымен жақсылап үйреніп алайын.
Ұлан: Көбіне не тіккенді қалайсыз? Қыстыгүні өзіңізге пальто тіккеніңізді айттыңыз. Не нəрсені тігіп-пішу күрделірек сіз үшін?
Қ.Омар: Көбінесе көйлек тігем. Кейде белдемше мен шалбар да тігемін. Костюм де тігіп көрдім. Бірақ, менің білмейтін нəрселерім өте көп.
Ұлан: Іс тіккенде қасыңызға көмекші қажет бола ма? Өзгеге үйретуге дайынсыз ба?
Қ.Омар: Əзірге өзім біреуге көмекші болмасам, өзіме көмекші қажет емес. Менің əлі үйренерім көп.
Ұлан: Осы тігіншілік өнеріңізді кеңейтіп, кəсіпке айналдырғыңыз келе ме?
Қ.Омар: Əрине, ол менің бала күнгі арманым ғой. Италияға барып, оқып келсем ғой деп армандаймын.
Ұлан: Бəрекелді! Қазір жазғы каникулда көп оқушы қыздың қолы бос. Олар өз бетімен тігіншілікті қалай, қайдан үйренсе болады? Неден бастау керек? Нені ескеру керек?
Қ.Омар: Оған ең бірінші икем, сосын қызығушылық керек. Қызыққан адам бəрін де үйренеді. Оқушы қыздарға қуыршақтарға киім тігіп көрсін дер едім. Оған соншалықты көп мата да кете қоймайды ғой. Бұл өздеріне киім тігудің бастауы болады.
Ұлан: Өлең жазу мен киім тігуден басқа тағы қай іске қызығушылығыңыз бар?
Қ.Омар: Тоқыма тоқимын. Суретке түсіргенді ұнатамын. Əдемі жерлерді, ерекше табиғат құбылыстарын түсіріп алуға тырысамын.
Əңгімелескен
Қарлығаш ДОСАНОВА
«Ұлан», №25
(21.06.2016)
Талқылау
Сондай-ақ оқыңыз:

09 август 2019, Пятница
Құралай Омар – «Жылап тұрған аспан емес, мен едім» (Оқыған: Ақмарал Көкенайқызы)
Пікірлер (0)