Артқа қайту Басып шығару

Құралай ОМАР, ақын: МЕНІ БӘРІ ЖАҚСЫ КӨРУІ МІНДЕТТІ ЕМЕС

Құралай ОМАР, ақын: МЕНІ БӘРІ ЖАҚСЫ КӨРУІ МІНДЕТТІ ЕМЕС






 

– Әлемді аузына қаратқан Майкл Джексонның танымал әндерін тәржімалап жүрсіз. Мақсатыңыз не? 
– «You're not alone» әнінің әуені жүректі тербейтін, сондықтан өзіме ұнайтын. Анар деген блогшы қыз Майкл Джексон қайтыс болған күні «on kz» сайтына осы әнді аударып беруімді сұраған соң, мағынасын сақтап қана аударып бердім. Бұдан өзге орыстың белгілі ақыны Анна Ахматованың да өлеңдерін тәржімалап жүрмін.
– «Поэзия дегеніміз – өмір, оқиға, күрес, сезім» деген екен Н.Чернышевский, сіздіңше қалай?
– Поэзия – жүректің үні, жүректің көз жасы. Тағдыр болмаса өлең де болмайды. Поэзия – мөлдірліктің әлемі.
– Ғабит Мүсірепов айтқандай: «Біреудің бағы – тілінде, Біреудің бағы –уысында». Ал сіздің бағыңыз...
– Әр адамның өз несібесі болады деп жатады. Бізге де бұйырған бақ бар шығар... Күйзеліске түсіп кеткен бір кезімде Қалқаман аға: ''Атың елге белгілі ақынсың. Соның өзі бақыт қой'', – деп жұбатқан. Мүмкін қазір де бақытты шығармын. Жұмыр басты пенде болған соң, кейде тәубемізді ұмытып кетіп жатамыз. Қарап отырсам, менің өлеңдерімнен басқа байлығым да, жеткен жетістігім де жоқ екен. Сондықтан өлеңді Алла Тағаланың көп адамның ішінен маған таңдап берген несібесі, бағы деп ойлаймын.
– Аманхан Әлімұлы газетке берген бір сұхбатында: «Құралай Омардың «Ақ қар» атты кітабын оқып шықтым. Ұнады. Жинағында тұтастық бар. Бүкіл өлеңін өзін жылатып, мұңға қалдырып кеткен адамға арнапты. Құралай құпиясын ешкімге айтпайтын қазақ қызының менталитетін ысырып қойып, сезімін жұртқа жариялапты. Поэзияның діңгегі мұң болғаны жақсы. Бірақ мұң көз жасына айналып кетуіне де болмайды», – деген. Бұған сіз не дейсіз?
– Өлеңдерімнің мұңлы екеніне келісемін. Бірақ мен мұңды қолдан жасап жүрген жоқпын. «Қазақ қызының менталитетін ысырып қойып, сезімін жұртқа жариялапты», – деген пікірге келіспеймін. Себебі, тек мен ғана емес, маған дейінгі Фариза, Гүлнәр және барлық ақын қыздар да сезімдерін ашық жазатын сияқты. Мені бәрі жақсы көруге, не болмаса мені бәрі мықты ақын деп мойындауға тиісті емес. Құдай берген осы талантым үшін тәубе деймін.
– Соңғы кезде жастардың аузынан түспей жүрген «Жүрек назы» әнінің сөзін сіз жазған екенсіз. Тіпті бұл ән Қазақ радиосының «Ән шеруінде» көш бастап тұр. Әннің шығу тарихын баяндап берсеңіз?
– 2010 жылдың тамыз айында Роза Әлқожаның үйіне қонаққа барған едім. Ертеңіне қайту керек болатын. Сол сәтте Роза: «Қазір өзім апарып тастаймын, отыра тұр», – деп қайтармай қойды. Біраздан кейін Розаның бауыры да келді, қайтатын болдық. Содан менің үйіме жақындаған тұста, Роза машинаны тоқтатпай бірден Медеу жаққа тарта жөнелді. Қолымыз қалт еткенде Медеуге барып өзен жағалап жүретін әдетіміз бар еді. Бірақ осы жолы барғанда Роза машинадан түспей отырды да, мен жағалауда өзім жүрдім. Машинаға қайтып келсем, ол «ыңылдап» бірдеңе жазып отыр екен. «Жазып отырсың ба?» – дедім де, бұрылып кетіп қалдым. Араға біраз уақыт салып Медеуге қайта айналып бардық. Ол сол сәтте «Сен қазір осы әннің сөзін жазасың», – деді. "Келісіп пішкен тон келте болмас" дегендей, композитормен бірге отырып жазған ән сәтті шыққандай.
– «Жігерді жасытып, бордай боп үгілем…
Қажыдым өмірдің сынынан, жүгінен.
Жырларым тамшылап жанардың түбінен,
Түнімен
Жыртылған жүректі жамаймын
Үзілген үміттің жібімен», – дейсіз. Өлеңде жалғызбын деп мұң шағасыз, өмірде ше?

– Бұл секілді өлеңді жабырқап, жаның жалғызсырағаннан соң жазасың ғой. Әйтсе де "жалғыздық Құдайға ғана жарасқан" деп жатады. Ал жаның жалғызсырағанда біреудің еркелеткенін, біреудің аялағанын, біреудің қолпаштағанын қалап тұрасың. Меніңше, өлең жүректен үзіліп түсу керек. Ешқашан өлеңді қолдан жасағым келмейді. Айнұр Төлеу екеуміз хат жазысып жүретінбіз. Сол хаттарының бірінде: «Адамның әрқайсысы жалғыз. Әйел адамның жалғыздығын ер адам, ер адамның жалғыздығын әйел адам құтқара алады дегенге өз басым сенбеймін», – деп жазғаны бар маған. Айнұрдың сөзінің де жаны бар. Өйткені, біз әрқайсысымыз бөлек жаратылыс болып жаратылғандықтан, ешкім жалғызсырамай тұра алмайды. Жалғызсырайтынымыз – өзіміздің Жаратқанды іздеп, Жаратқанды сағынатынымыздан болуы мүмкін... «Жаяудың шаңы шықпас, жалғыздың үні шықпас» деп, кей сәттерде қатты құлазып кетесің, қасыңда серік болатын адам болса деп ойлайтын кездер болады...
– Әңгімеңізге рахмет!
Cұхбаттасқан – Ботагөз АБАШЕВА